2025 жылдың 08 қазаны күні Павлодар медициналық жоғары колледжінің акт залында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Ұлы халықтың ұлы Абайы» атты әдеби сазды кеші өтті. Іс-шара барысында қатысушылар Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайының қызметкерлері дайындаған арнайы бағдарламаны тамашалады.
Филология ғылымдарының кандидаты, Марғұлан университетінің профессоры Әділбек Дәуітбекұлы Әміренов мырза Абай мұрасының құндылығы туралы қызықты деректерден мағлұмат беріп, айтыскер ақын Мизан Жұмәлі,Бұқар жырау музейінің қызметкері, дәстүрлі әнші Назымгүл Шапағат, музейдің өнер бөлімінің менгерушісі Сәуле Арығазинаның орындауларында: «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы» т.б. әндері орындалып, қазақтың көне аспабы жетігенде Абайдың әуендері тыңдалып, кештің сәні жанданып отырды. «Павлодар медициналық жоғары колледжі»-нің студенті Бекболат Бағжан ақынның бірнеше өлеңін жатқа айтса, «Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бұқаралық-ұйымдастыру бөлімінің менгерушісі Асқарбек Риза Абайдың бірінші қара сөзін нақышына келтіре оқып, көрермендерді сүйсіндірді. Сонымен қатар, «Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің әдебиет бөлімінің менгерушісі Абзал Рымбек Абай Құнанбайұлының 1909 жылы шыққан алғашқы кітабының толық нұсқасы, қытай қазақтарына арналған қысқаша жазылған кітабы бар көрмесін әкеліп, көрермендерге шолу жүргізді. Кештің соңында Павлодар медициналық жоғары колледжінің оқу-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары Жазира Зәбірқызы Байгульжина қонақтарға алғысын білдіріп, қатысушыларға Абайдың әр сөзін өмірлік ұстаным ретінде қолдануға шақырды.


